ӘЙЕЛІН ҰРҒАН ЕРКЕКТЕР ОН ТӘУЛІККЕ ҚАМАЛУЫ МҮМКІН
ҚР Бас прокурор тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамаға өзгерістер мен түзетулерді енгізуді көздейді. Соның ішінде әкімшілік қамауды он тәулікке дейін ұзарту шарасы да бар. Бұл туралы ҚР Бас прокуратура баспсаөз қызметі хабарлап отыр.
«Біздің бір түзетуіміз бар. Ол - әкімшілік қамауды 3 сағаттан 24 сағатқа ұзарту. Бұл уақытта бұзақы есін жинап, ашу-ызасы басылып, не істегеніне дұрыс баға бере алады. Ал үш сағаттың ішінде ол мүмкін емес. Сосын қорғау нұсқамасы деген бар. Оны бәріміз білеміз. Соны бұзса, көбінесе, ішкі істер органдары ескерту жасап жатады. Шынын айтсақ, сол ескертуді ешкім менсінбейді. Сондықтан ескертудің орнына он тәулікке әкімшілік қамау болса екен дейміз. Осындай түзетуді біз жақында Парламентке жібермекпіз», - деп атап көрсетті Бас прокурор Жақып Асанов бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған жиында.
Оның айтуынша, жеті жылдан бері еліміздің зомбылықтың алдын алу заңнамасына өзгеріс енгізілмеген. Ол уақыттың ішінде бірқатар тетіктер ескіріп қалды. Осыған байланысты арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр.
Бас прокурордың баяндауынша елімізде әйелдерге қатысты қылмыстардың саны 90 пайызға өскен. Әрбір үшінші қылмыс отбасы жағдайында болды. Өткен жылы 36 әйел және бір бала қайтыс болса, 2 481 әйел мен 851 бала зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. 742 әйел мен кәселеттік жасқа толмаған 175 жас өз-өзіне қол салды.