БАС ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ПАРАМЕН ҰСТАЛДЫ
Республикалық санитариялық авиация орталығы бас директорының орынбасары ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлайды.
«12 сәуірде 2 миллион теңге сомасында кезекті пара алу үстінде «Республикалық санитариялық авиация орталығы» ШЖҚМК бас директорының орынбасары М.З.Шалғынбаев ұсталды. Ол жеке әуе компанияларының басшыларынан науқастарды тасымалдау үшін мамандандырылған әуе көлігін беру қызметін көрсетуге келісімшарттар жасасу үшін жүйелі түрде пара алу жоспарын ұйымдастырып, оған кәсіпорындағы қоластындағы қызметкерлерді тартқан», — делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, пара көлемі келісімшарт сомасының 10 пайызы болған. «Шалғынбаев жалпы алғанда Sky Service ЖШС, East Wing АҚ жетекшілерінен және басқалардан 130 мың АҚШ доллары сомасында аса ірі көлемде пара алған», — делінген Антикоррупциялық қызметтің таратқан хабарламасында. Шалғынбаев ұсталып, Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.