НЕГІЗГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯМЫЗ
Елбасымыздың мақаласын біздің негізгі ұлттық идеямыз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Осыны ары қарай дамытып, жалғастыру өзімізге байланысты. Рухани жаңғыру елдің ертеңгі өрісі.
Маған әсіресе, Елбасының латын қарпіне көшу туралы бастамасы қатты ұнады. Біздің қауымдастық бүгінде оралмандармен жұмыс істеп келеді. Олардың көпшілігі ТМД мемлекеттерінен келген. Ал алыс шетелдерден келген қандастарымыз ең әуелі қаріп танудан қиындық көреді. Біз – кириллицада, Қытайдағы бауырларымыз – төте жазуда, көршілеріміздің көбі латынға ойысты. Бұл бір-бірімізбен байланысқа кедергі келтіреді.
Сондықтан да тіл мамандары мен ғалымдар күш біріктіріп, көршілес елдердің тәжірибесін ескере келе, латын қарпіне көшу мәселесінде уақыт оздырмай нақты іске кірісуіміз қажет. Сондай-ақ, мұнда айтылған терең мазмұнды ойларды орыстілділер ортасында кең ауқымда дұрыс түсіндіруіміз керек.
Құрманай ЕРІМБЕТОВА,
«Туған жер» қауымдастығының жетекшісі.