«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ-НЫҢ ЖАҢА КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев ұлттық атом компаниясының коммерциялық директоры лауазымына Риаз Ризвиді (Riaz RIZVI) тағайындады, деп хабарлайды аталған компанияның баспасөз қызметі.
Р. Ризви уран өнеркәсібінде ғана емес, бүкіл энергетикалық ресурстар шоғырындағы шикізаттық ресурстар трейдингі мен маркетингінде мол тәжірибе жинаған маман.
– Риаз Ризви алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде маман ретінде үлкен үлес қосатынына сенемін. Қазатомөнеркәсіп - өнімнің өзіндік құны ең төмен ірі уран өндіруші. Компания әлемдегі ең ірі қорлардың бірін игеріп келеді. Біз осы басты артықшылықтарымызды клиенттерімізге барынша қолайлы шарттар ұсыну үшін пайдалануға тырысамыз.
Біз қазіргі уран нарығындағы жетекші орнымызды сақтап қалуға дайынбыз. Осы ретте бізге саланы меңгерген мамандар көмегі қажет, - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев.
Р.Ризви «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ маркетинг-өнім өткізу қызметін үйлестіру және бақылау, жуырда құрылған швейцариялық «Қазақатом» Сауда үйі» еншілес компаниясының коммерциялық стратегиясын жүйелеу, трансформация бағдарламасының орындалуын қадағалау, барлық маңызды нарықтарда компанияның нарықтық үлесін кеңейтуге басшылық жасайды.
Компания қызметінің басты бағыттары - геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру және конструкциялық материалдар өндірісі. Бүгінгі таңда компанияда 26 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.