ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚ БОЛУДЫҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ
Жаңа тарихи кезеңге қадам басқан қазақ елінің болашағын айқындап берген Ұлт Көшбасшысы, Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы білім саласы қызметкерлері тарапынан қызу қолдау тауып, жан-жақты талқылануда.
Елбасының мақаласындағы компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуындағы басты алғышарттар. Бұл адамдардың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын, сол арқылы тұтас бір ұлттың ХХI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуының негізі екені айқын.
Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында айтылған «Цифрлы Қазақстан» «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалары ХХI ғасыр талаптарына сай болудың басты бағыты.
Тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында облысымыздағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының «Электрондық есептеу машиналарының операторы», «Электрондық-есептеу машиналарын баптаушы», «Компьютерлік құрылғыларға қызмет көрсетуші техник», «Байланыс құрастырушысы-кабельші» біліктіліктері бойынша білікті кадрлар даярланып келеді.
Ал, жастардың шет тілдерін меңгеруіне орай мектептерде үш тілде білім беру, оның ішінде ағылшын тілінде білім беру жүзеге асырылып жатса, ағымдағы жылдан бастап жүзеге асырылатын «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында жастарымыз қысқа курстар арқылы ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, мақалада қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім». «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу дер кезінде көтерілген маңызды мәселе болып отыр.
Бұл алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аудару арқылы жастардың дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына мүмкіндік жасалады.
Ол үшін бірінші кезекте аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру Үкіметке тапсырылып отыр.
Бұл Мемлекет Басшысының тапсырмасын ҚР Үкіметі аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып кешенді түрде шешуді жүзеге асыратыны да баяндалған.
Ал, біздің аймағымызда осы мақсатты жұмысты жүзеге асыратын аудармашы мамандарын даярлау қолға алынуда. Оның дәлелі, облысымыздағы кәсіптік білім беретін оқу орындарында бірнеше жылдардан беру «Аударма ісі» мамандығының «Гид-аудармашы» біліктілігі бойынша кадрлар даярланып келеді.
Қазақстанды түбегейлі жаңғырту мен болашағын баянды етуді мақсат еткен Елбасының тарихи шешімдерін жүзеге асыру біздің ең басты бағытымыз, бағдарымыз болмақ.
Бекжан ЕСЕНБАЕВ,
облыстық
білім басқармасының
бөлім басшысы