3 КҮНДЕ – 1681 ӘКІМШІЛІК ШАРА
Аймақта криминогендік ахуалды сейілту, құқық тәртібі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда болатын қылмыстардың жолын кесу бағытында 10-20 сәуір аралығында «Құқық тәртібі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Алғашқы 3 күнде әр түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 1681 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Оның ішінде, ұсақ бұзақылық жасаған 99 азамат, қоғамдық орындар мен көшеде масаң күйде жүрген 179 адам, қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзған 168 тұрғын жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, белгіленген жүру жылдамдығын арттырған 142, көлік құралын басқару кезінде телефонды немесе радиостанцияны пайдаланған 183 дерек анықталып, хаттамалар толтырылды. Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 290 азаматқа шара көріліп, көлік құралын мас күйінде басқарған 27 азамат наркологиялық сараптамадан өткізілді. Есепті мерзімде 25 қылмыстың беті ізі суымай ашылды.
Мысалы, 12 сәуір күні сағат 03:40 шамасында Жібек жолы көшесінде 1989 жылы туған қала тұрғынын тоқтатып тексеруде күртешесінің қалтасынан газет қиындысына оралған, шөп тәріздес зат алынды. Тағайындалған сараптама оның 1,36 гр. кептірілген марихуана екендігін анықтады. Қазіргі таңда сотқа-дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Іс-шара барысында 97 құқық бұзушы облыстық наркология орталығының интоксикация орталығына жатқызылса, 16 кәмелетке толмаған уақытша бейімдеу мекемесіне жеткізілді.