ҚҰТҚАРУШЫ ҮШІН ҮЛКЕН ҚҰРМЕТ
Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Бауыржан Кененбаев тәжірибелі маманның бірі.
Ол Шиелі ауданы Бала би ауылында дүниеге келген. Бала кезінен алдындағы ағаларына еліктеп, спортпен тұрақты айналысты. Осыдан да болар Қармақшы ауданының өрт сөндіру бөліміне 2004 жылы қызметке қабылданған Бауыржан өрт-қолданбалы спортына қызығушылық танытты. Тез игерген спорттың осы түрі бойынша жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
«Әкеге қарап, ұл өсер» деген бар. Қазір Бауыржанның ұлдары да ескек және велоспортпен айналысады.
Өрт сөндіру қызметінде жүрген 13 жыл ішінде Бауыржан талай оқиғаны бастан кешті. Бірақ, жанын аяп, кідіріп қалған кезі жоқ, адам өмірін құтқару үшін сан мәрте жасқанбай жалынға кірді.
2014 жылдың қыркүйек айында Шұғыла мөлтек ауданындағы 5 қабатты үйдің екінші қабаты өртке оранды. Сәт сайын алаулап бара жатққан жалын ойлануға да мұрша бермейтін еді. Бауыржан бастаған топ жағдайды бағамдап, үйдің 15 тұрғынын қауіпсіз жерге эвакуациялады, жалын ортасында қалып қойған 5 адамды құтқарып қалды.
Биыл 6 сәуірде жатақханада өрт шықты. Өрт бес қабатты ғимараттың үшінші қабатындағы бөлмеден басталыпты. Қалай да бөлмедегі балалар мен мүгедек әйелді құтқарып қалу керек. Өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау капитаны М. Қалиевтің басшылығындағы топта Бауыржан да бар еді. Жедел ұйымдастырылған шаралар арқасында үш кішкентай бала, жасөспірім және мүгедек әйел құтқарылды. Тапсырма орындалды.
Бауыржан осы өртте өрт сөндіруші киімін киген өзінен үш жасар қыздың қатты қорыққанын күле отырып, еске алады. Ол баланы қолына алып, анасына жеткізді. Осы сәт қорқынышы сейілген сәби құтқарушының қабарып кеткен жүзіне қолын тигізіп, жымиып күлді.
«Сәби күлкісі мен үшін ең шынайы алғыс пен құрмет болды» дейді Бауыржан.
Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және
авариялық құтқару жұмыстары қызметі