АРТЫҚ БІЛІМ КІТАПТА
№10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатында оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасында дәстүрлі кітап оқу сайысы өткізілді.
Білім ордасында өтетін бұл шара жылдан жылға қанатын жайып келеді. Мысалы, сайыстың биылғы жаңалығы – оған лицей қызметкерлерінің де қатысуы болды. Олар жазушы З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі мен Абайдың қарасөздерін оқып, тест сынағын тапсырды.
Біреулерге арзан, енді біреуге маржан саналатын кітапты құрметтеуге арналған сайыстың қорытындысында бірінші орында лицей-интернат тәрбиешісі Альфия Тілеубекова иеленді, екінші орынды білім ошағы басшысының орынбасары Нұрила Шамшатова мен мекеме электригі Ақылбек Әлиакбаров жеңіп алса, үшінші орын жүлдесі химия кабинетінің лаборанты Феруза Тойбазарова мен тәрбиеші Назерке Кемелтайға бұйырды.