ЖОЛДАУ АЯСЫНДАҒЫ БІРЛЕСКЕН ЖОБА
Президент Жолдауына сәйкес құқық қорғау органдарының алдына қойылған тапсырманың бірі - қылмыстық процесті оңтайландыру.
Қойылған талапты іске асыруда прокуратура және ішкі істер органдары бірлесе отырып, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында «Азаматтар мүддесіне қылмыстық процесті оңтайландыру» пилоттық жобасын іске қосты, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Жоба қылмыстық ізге түсу жұмыстарын жүйелеп, адамдардың бұзылған құқықтарын қысқа мерзімде қалпына келтіруді көздейді.
Осы мақсатты қалалық прокуратураның тәжірибелі мамандары қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратында орналасқан прокурорлар кабинетінде тергеушіге бағыт-бағдар беріп, тергеуі аяқталған іс құжаттарын 1-2 сағат ішінде зерделеп, дәлелдік негізін анықтап, сотқа жолдануын қамтамасыз етуде.
Жоба жүзеге асырыла бастаған екі апта ішінде қылмыстық теріс қылықтар бойынша іс 2 күнде, ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстар - 10 күн ішінде сотқа жолдануда. Ал, бұрын бұл санаттағы қылмыстық істер 2 ай бойы тергелуді қажет ететін.
Сонымен қатар, 25 қылмыстық іс сотқа жолданып, оның үшеуі бойынша сот шешімдері қабылданды.
- Ең бастысы уақыттың үнемделді, тергеудің сапасы жақсарды, күдіктілер мен жәбірленушілер сол жерде прокурорға жүгініп, талаптарын тергеу барысында түпкілікті шеше алады,-деді облыс прокурорының орынбасары Қайрат Бөрібаев.
Ол өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда тергеу саласы бойынша түскен арыздардың саны 1381-ден 1047-ге немесе 24,2 пайызға азайғанын атап өтті.
Сонымен бірге, жоба шеңберінде қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратының 3-ші қабатынан бейнебақылау камераларымен жабдықталған, арнайы әйнек қоршалған жауап алу кабинеттері ашылды. Жауап алу барысынынң ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әрекеттер бейнекамераға жазылады.
Бұл қылмыстық процестің ашық, заң шеңберінде жүргізіліп, оның барысында заңға қайшы әрекеттердің орын алмауына кепіл бола алады.