МАТЕМАТИКАДАН ІХ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘН ОЛИМПИАДАСЫ БАСТАЛДЫ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдығына орай математика және журналистика мамандықтары бойынша ІХ республикалық пән олимпиадаларын өтіп жатыр, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.
Өткен оқу жылында университет студенттерінің еліміздің жоғары оқу орындары студенттері арасындағы білім бәсекесінен топ жарып, үздік атануы білім ұясының республикалық деңгейдегі шараларды ұйымдастыруына негіз болды.
Математика мамандығы бойынша бүгін басталған республикалық олимпиадаға еліміздің 14 жоғары оқу орнынан барлығы 42 студент қатысуда. Олардың әрқайсысы өзінің жоғары білім деңгейімен көзге түскен дарынды жастар.
Білім додасын университеттің бірінші проректоры А.Жүнісов ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі күнге созылатын сайыстың ережесімен университеттің физика және математика кафедрасының меңгерушісі Бақыт Қалиұлы таныстырды.
Сондай-ақ бұл олимпиада белгілі академик А.Д.Таймановтың 100 жылдығы аясында өткізіліп жатқандығын да атап өткен жөн.