ҚАЗАҚТЫҢ ҒАРЫШТЫ ИГЕРУ АРМАНЫ
Елбасы еңбегінің нәтижесінде ақиқатқа айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде экономиканың жоғары технологиялық және ғылымды аса қажет ететін секторы – ғарыш саласын құруға нақты қадам жасалды. Нәтижесінде отандық ғарыш техникасы мен технологиясының үлгілерін жасау жолындағы серпінді жұмыстар жолға қойылды.
Қазақстанның ғарышты игеру қадамы неден басталды? Сәл тарихи шегініс. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірнеше рет КСРО ғарышкерлер отрядына ілігуге талаптанған қазақстандық ұшқыш Талғат Мұсабаевқа осы мәсе¬лені оң шешуге көмектесті.
Сөйтіп, 1990 жылдан бастап ол кеңестік ғарышкерлер отрядында дайындықты бастады. Осы жылдың басында Байқоңыр ғарыш айлағында Жалпы машина жасау министрлігінің басшылығымен кездесу кезінде бірінші қазақтың ғарышқа ұшуы туралы мәселе принципті түрде шешілді, ол КСРО-ның еңбек сіңірген сынаушы ұш¬қышы, Кеңес Одағының Баты¬ры Тоқтар Әубәкіров болды. Ал қазан айында, Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы кезінде Қазақстанның ғарыштық эксперименттерінің бірінші ғылыми бағдарламасы орындалды.
Бұл ұшу – космонавтика тарихында соңғы кеңес ғарышкерінің ұшуы ретінде де қалды. Қазақ КСР Президенті болып сайланған Н.Ә.Назарбаев 1991 жылғы 31 тамызда біздің республиканың аумағында орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі деп жарияланған Жарлыққа қол қойды. Бұл КСРО құрамына кіретін республика Президентінің батыл қадамы болды. Яғни, Президенттің Қазақстан ғарышының дамуына берген үлкен маңызын куәландыратын тарихи қадам.
КСРО-ның қирауы және оның ізінше болған ауыр экономикалық дағдарыс адамзаттың ғарыштық дәуірі басталған, ғарышқа бірінші Жер серігі ұшырылған және бірінші адам – Ю.А.Гагарин ғарышқа шыққан дүниежүзілік практикалық ғарышнаманың алтын бесігі – «Байқоңыр» ғарыш айлағының алдына «Болу немесе бордай тозу...» деген гамлеттік сұрақты көлденең тартқаны рас. Оны біз қазір жылы жымиып қана еске алатын шығармыз, ал шын мәнінде жас мемлекет үшін бұл өте ауыр сынақ әрі болашақ үшін таңдау жасаудың жауапты сәті еді. Тек тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында, шек¬тен шыққан күштердің қарсы іс-қимылына қарамастан, экономикалық құлдырау жағдайында жалғыз дұрыс шешім – «Байқоңыр» кешенін Ресейге жалға беруге шешім қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық аэроғарыш агенттігі «Байқоңыр» кешенінің нысандарын түгендеу және техникалық жағдайын бағалау жөнінде орасан зор жұмыс атқарды, оның нәтижелері «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына негіз болды. Нәтижесінде Ресеймен ұзақ мерзімді және тығыз ынтымақтастықтың нысаны болған, халықаралық ықпалдастыққа жол ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалдық.
Кеңестік кезеңде басталған бірінші қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштық эксперименттерінің ғылыми бағдарламасын тәуелсіз Қазақстан 1994, 1998 және 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарышқа үш рет ұшуы және ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетовтің 2015 жылы ғарышқа ұшуы кезінде жалғастырды. Қазақстандық ғарышкерлердің бұл сапарлары Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жан-жақты қолдауы мен оларды жоспарлауға, дайындауға және кең халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асыруға байланысты күрделі қаржылық және ұйымдық мәселелерді шешуге тікелей қатысуының арқасында ғана жүзеге асты.
Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш державасы ретінде қалыптасуына бағытталған Мемлекет басшысының табанды әрі бұлжымайтын саясатының айғағы оның «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту» бірінші мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы Жарлыққа қол қоюы болды. Бұл бағдарламадағы принципті жаңалық оған ғарыш кеңістігін зерттеу бойынша ғылыми жұмыстармен қатар ғарыш кеңістігін пайдаланумен байланысты жобалау жұмыстарының енгізілгені болды.
Осы бағдарламаның шеңберінде «Казсат-1» байланыс спутнигін құру және ұшыру жобасы іске асырылды, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-техникалық бюросы құрылды, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің жобалау материалдарын әзірлеу басталды. Сонымен бірге, алғашқы мемлекеттік ғарыш бағдарламасын іске асыруды тіпті ойдағыдай болды деп санауға болмайды.
Атқарылған жобалардың арасында тек бір жоба – «Казсат-1» байланыс спутнигін құру және ұшыру жобасы соңына дейін жеткізілді. Алайда, бұл жоба сапасыз орындалды... Бірінші мемлекеттік ғарыш бағдарламасын іске асырудағы сәтсіздіктің себептерін сыни талдау бұл себептер жүйелік сипатта болғанын көрсетті. Мемлекеттік бағдарламаға біртұтас басшылық болған жоқ, оның іске асырылуына үш ведомство міндетті болды. Білім және ғылым министрлігі ғылыми зерттеулермен және жобалау материалдарды әзірлеумен байланысты жобаларға жауап берді, Аэроғарыш комитеті «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасына жауап берді,
Ақпараттандыру және байланыс агенттігі «Казсат-1» байланыс спутнигін құру жобасына жауап берді. Қазақстанның ғарыш қызметін нығайту туралы ақиқат қамқорлық Мемлекет басшысының ғарыш қызметі саласындағы басқарудың дербес мемлекеттік органы ретінде 2007 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы шешімі болды.
Сөйтіп, Қазғарыштың алдына ел Президенті Қазақстанда заманауи және толыққанды ғарыш саласын құру мақсатын қойды. Мемлекет басшысының Ұлттық ғарыш агенттігін құру туралы бұл шешімі күтілгендей нәтиже берді Оның қызметінің тек 7 жыл ішінде Қазақстан ғарыш қызметін дамытуда өзінің ғарыш қызметін дамытушы көптеген елдер үшін ондаған жылдар тең жолдан өтті. Міне, Қазғарыштың 7 жылғы жұмысының нәтижесінде еліміздің ғарыш инфрақұрылымы бірың¬ғай жетекшілікке топталды, Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту стратегиясы әзірленді.
Ғарыш саласы кәсіпорындарының ғылыми және инженерлік құрамының білікті кадр тобы қалыптасты. Практикалық тәжірибе мен дағды алу үшін Ресейдің, Украинаның, Францияның және Ұлыбританияның жетекші ғарыш кәсіпорындарында қазақстандық ғалымдардың, инженерлер мен конструкторлардың тағылымдамасы ұйымдастырылды. Отандық спутниктердің екі орбиталық тобы жасалды, ұшырылды және пайдалануға берілді: біріншісі – «Казсат-2», «Казсат-3» екі байланыс спутниктен тұратын топ және екіншісі – «KazEOSat-1», «KazEOSat-2» екі Жерді қашықтықтан суретке түсіретін спутниктен тұратын топ.
Жердегі ғарыш инфрақұрылымының нысандары – «Казсат» байланыс ғарыш жүйесінің жердегі негізгі және резервтегі кешендері, жердегі басқару кешені және ЖҒЗ ғарыш жүйесінің жердегі кешені, сондай-ақ жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің нысандарына құрылысы аяқталды және пайдалануға берілді . Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы құрылды. 2010-2014 жылдары Орталық 37 ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырды, өнертабысқа 5 патент алды. Дифференциалды стансаларды игеру бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар атқарылды және ҚР ЖСНЖ үшін саны 50 дана ДС алғашқы партиясы шығарылды. Жетекші ғарыш державалары: Ресеймен, Украинамен, Франциямен, Германиямен, Қытаймен, Үндістанмен, Ұлыбританиямен, Италиямен, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, Израильмен және басқаларымен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастық орнатылды.
Қазақстан Республикасының «Ғарыш қызметі туралы» заңының жобасы әзірленді, оған ел Президенті 2012 жылғы 6 қаңтарда қол қойды. Осылайша, ғарыш қызметін дамытудың осы кезеңінде отандық ғарыш саласын құруда сапалы жұмыс атқарылды. Заманауи ғарыш инфрақұрылымы құрылды, ғарыш техникасы мен технологиясының отандық үлгілерін жасау ісіне тың серпін берілді. Қазақстанның ғарыш саласын одан әрі дамыту қарқынына әлемдік экономикалық дағдарыс жағымсыз әсер етті. Осы жағдайдан шығудың шешімі Мемлекет басшысының 2016 жылғы 6 қазандағы елде аэроғарыш өнеркәсібін жеделдетіп дамыту міндеті жүктелген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы шешімі болды.
Құрылған жаңа министрліктің басшылығы Ұлттық ғарыш агенттігі жинаған қарқынды өрістету үшін орасан күш жұмсауда. Министрлік отандық орбиталық спутниктер тобын одан әрі дамыту бойынша, ғарыш технологияларының жаңа қосымшаларын әзірлеу бойынша, ел экономикасы салаларының міндеттерін шешу үшін, ғарыш жүйесінің өнімдері мен қызметтеріне өскелең сұранысты қанағаттандыру үшін құрылған заманауи ғарыш инфрақұрылымын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша және ғарыш саласының ғылыми-технологиялық базасын дамыту бойынша үлкен және қарқынды жұмыс жүргізуде.
egemen.kz