ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылының №256 және №209 орта мектептерінде Жаңақорған ауданы прокурорының бірлескен жоспарына сәйкес ата-аналар мен оқушылар арасында «Біз қылмысқа қарсымыз» атты кездесу өткізілді, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу мақсатындағы аудандық ішкі істер бөлімінің жоспарына сәйкес бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлеміндегі мектептерде ата-аналар мен оқушылар арасында 98 кездесу, 6 рейд өткізілді. Есепті мерзімде әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықпен 60 жасөспірім тиісті орынға жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 1-бөлігіне сәйкес 2 жасөспірімге түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Тағы 52 балаға заңды өкілдерінсіз түнде тұрғын -жайдан тыс жерде жүргені үшін ата-аналарына хаттама толтырылып, ескерту жасалды. АІІб-нің ювеналды полиция тобында 6 қолайсыз отбасы есепте тұрады.
Аудан көлеміндегі мектептердің жақын жерлерінде орналасқан дүңгіршектерде кәмелетке толмағандарға темекі бұйымдарын сататын азаматтарды, оқушылар арасында темекі шегу фактілерін, мекемелерде темекі шегу үшін бөлінген арнайы орындардың бар-жоғын анықтау, темекі және темекі бұйымдарын жарнамалауға тыйым салу мақсатында рейдтік жұмыстары жүргізілуде.