САНАСЫН ЖАҢҒЫРТҚАН ЖҰРТ ОЗАДЫ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты еңбегі әркімге ой салғаны анық. Әсіресе, қос қоғамды да көрген менің қатарларыма әсері ерекше болғаны даусыз.
Осыған дейін біз саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Бұл бағытта біраз жетістікке жеттік. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылудың қадамдары жасалды. Ендігі бізге керегі – рухани жаңғыру. Сана жаңғырмайынша, қалған жетістігіміз жұрт көзіне ілінбейді.
Елбасы ұлттық сананы жаңғырту бағытында 6 бірдей бағытты ұсынды. Бәсекеге сай ел атану, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім, эволоциялық даму мен сананың ашықтығы бағытындағы ой-пікірін жария етті.
Өз басым Елбасының «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды» дегені ерекше әсер еткенін айта кетейін. Бұл тарапта осыған дейін біраз әңгіме болғаны белгілі. Соның нүктесін Елбасы қойды. Латын әліпбиіне көшу ұлт руханиятын жаңғыртатын қадам болмақ.
Елбасы өмір сүру үшін өзгере білу керектігін айтады. Заманға лайықталу үшін талай жұрт өзгерді, олардың озғанын көз көрді. Енді бізге де көштен қалмас үшін сол жолға түспек керек. Елбасы еңбегінің түйіні осы.
Сайлаубай ӘБІШЕВ,
Қызылорда қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.