ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Тура биде туған жоқ» атты Төле бидің халық жадында сақталған шешендік сөздерін айтудан аудандық сайыс өткізілді.
Ұлт тарихында талай түйінді шешендердің тапқыр ойы, шебер тілі шешкен. Биыл осындай тапқырлығымен, шешендік өнерімен артында "бүтін билікке Төле би жеткен" деген сөз қалған тарихи тұлға Төле Әлібекұлының туғанына 360 жыл толып отыр.
Үлгі-насихатқа толы ғұмыр иелерінің даналық ой маржандарын, сырлы сөздерін бойға сіңіру, адамдық қасиеттерін үйрету, әділдікті ту етіп жоғары көтерген, ел тұтастығын сақтауға зор мағына берген билер келбетін үлгі тұту, халықтық мұра – шешендік өнерді қадірлеуге тәрбиелеу шараның басты мақсаты болды. Байқауға қатысқан талапкерлер Төле бидің халыққа айтқан әрі қисынды, әрі жедел жауап қайтарған орамды ойларын оқудан сынға түсті.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын №170 мектептің 10-сынып оқушысы Қанат Өмірзаққа берілсе, екінші орынды №204 мектептің 9-сынып оқушысы Қыдырбай Нұрболат иеленді, үшінші орын жүлдесі №102 мектептің 10-сынып оқушысы Аида Шынтемірге бұйырды.
Бекзат ӘЖІМҰРАТ