ЖАСТАРҒА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҚЫР–СЫРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Шараға «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры Қызылорда облыстық филиалының, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшылық құрамы, қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер мен жасотандықтар қатысты.
Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов Жолдауда Президент бес басым бағыттарды белгілеп бергенін, оның екінші басымдығы – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту екенін атап өтті.
- Біздің мақсатымыз – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50% жеткізу. Бұған еш кедергі жоқ. Себебі Қазақстан азаматтары ауылда да, қалада да өз бизнесін жүргізу үшін 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алып жұмыс жасауға мүмкіндіктер қарастырылып отыр, - дейді Шәріп Әбдірахманов.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры Қызылорда облыстық филиалының менеджері Бағдат Жомартов кәсіп ашқысы келетін студент жастарға қор арқылы бизнес жоспар жасап, тегін оқу курстарына қатысып, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие алуға болатындығын түсіндірді. Сондай-ақ ол өз сөзінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы және «ҚазАгро»-ның облыстық филиалдары мамандарымен бірге қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарына арналған «Кеңес беру күні» акциялары ұйымдастырылып отырғандығын айтты.
- Акция барысында жұмыссыз және аз қамтылған отбасы балаларын кәсіпкерлікке тарту мақсатында кеңес, ақпарат беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара бүгінгі күнге дейін 7 ауылдық округте өткізілді. Болашақта тоқсанына бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз,- деді Бағдат Жомартов.
Кездесу барысында жастар мамандармен еркін пікір алмасып, сұрақтар қойды. Кәсіпкерлер бизнес жолында бастарынан өткен қиындықтарға және жеткен жетістіктеріне тоқталып, жаһандану заманында бизнестің жаңа түрлерімен шұғылдануға кеңес берді.