БАНК ТҰТЫНУШЫҒА ЗАҢСЫЗ ҰСТАЛҒАН КОМИССИЯНЫ ҚАЙТАРАДЫ
Қызылорда қалалық сотына қала тұрғыны Б банктің несие шартын ішінара заңсыз деп тану, ұсталған ақша сомасын өзінің пайдасына өндіру туралы талап арыз береді, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Өз талап арызында банкпен несие келісім шартын жасасқанын, мерзімінде қарыз сомасын төлеп тұрғандығын жазған ол несие шартының 3.b бөлігін, атап айтқанда банктік қызмет көрсету үшін алынатын сомалар бөлігінің дұрыс емес екендігін айтып, келісім шартты ішінара заңсыз деп тануды және ұсталған соманы өндіруді сұрады.
Сот отырысында талапкер Б. мен жауапкер арасында банктік несие шарты жасалғаны, келісім шарт негізінде талапкерге 717 732 тенге мөлшерінде 60 айға банктік несие берілгендігі және ай сайын банктік қызмет көрсету үшін 7 718 тенге төленгендігі анықталды. Осы күнге дейін банктің қызметі үшін 270 130 тенге төленген.
Несие шартында банктің несие беруге байланысты көрсететін қызметтері үшін алым мөлшерлемелері қарастырылмаған. Яғни, талапкер банк көрсетпеген қызмет үшін төлем жасап келген.
Банктердің несие беру үшін көрсеткен қызметі үшін төлемдерді ай сайын несие алушыдан алып тұру әрекетін сот заңсыз деп тапты, себебі, банктің несие беру бойынша қызметі келісім шартты рәсімдеумен және несие берумен шектеледі. Осыған байланысты несие шартының 3.b бөлігі, атап айтқанда банктік қызмет көрсету үшін алынатын сомалар бөлігінде келісім шарт заңсыз деп танылды.
Банктен талапкердің пайдасына ұсталған 270 130 тенге сома мен мемлекеттік баж салығын төлеуге жұмсалған 2 777 тенге өндірілді.