СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ «МӘСКЕУ ҮШІН ШАЙҚАСҚА – 75 ЖЫЛ» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Алексей Демин Достық үйіне келді. Ол мәжіліс залда Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлмановпен, майдангер Әбдіраман Әбішевтің баласы Бекболат Әбдіраманұлымен жүздесті, деп хабарлайды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада «Мәскеу үшін шайқасқа – 75 жыл» төсбелгісі сырбойылық екі ардагерге тағылды. Ал, соғыс ардагері Кеңесбай Қалиевтің денсаулық жағдайына байланысты мерекелік медаль үйінде табысталды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, барлық этномәдени бірлестіктің, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары алғы сөзінде «Соғыстың от майданында жүріп, елге жеңімпаз ретінде оралған бабаларымыздың ерлігі алдында тағзым етіп бас иеміз. Майдан кешті соғыста жүздеген қызылордалық батырлар жеңіс үшін күресті. Өкінішке орай олардың көбі елге қайта оралмады. Бүгін міне, Мәскеу билігінің шешімімен төсбелгі ортамызда отырған ардақты ақсақалдарымызға тағылады», - деді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлманов өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, батасын берді.
Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысындағы кеңес әскерінің жеңісі әлемге бейбітшілік сыйлағандығы, кеңес әскерінің жауынгерлері Мәскеу қаласын жаудан қорғауда ерекше ерлік көрсеткендігі, жауынгерлер неміс фашистеріне қарсы соғысып, қаланы жаудың қолынан аман алып қалғандығы туралы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, ел батырларын ұлықтау мақсатында өткізілген кездесуде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Ресейдің Алматыдағы бас консулына алғысын білдірді.