«СЫР МЕДИА» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ КӨШПЕЛІ АЛҚАСЫ
Бүгін Сырдария аудандық «Тереңөзек тынысы» газетінде «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Мемлекеттік ақпаратты саясатты жүргізудің тиімділігі» атты облыстық көшпелі алқа-семинары өтті. Серіктестік пен оған қарасты басылымдар басшылары қатысқан семинар «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының жетістіктерімен танысудан басталды.
Шара аясында аудандық орталық кітапханада «Тіршілік тынысы» – аудан айнасы» атты көрме ұйымдастырылды. Онда басылым тарихынан сыр шертетін деректер таныстырылып, оқырман мен кітапхана арасындағы байланыстың заманауи әдістері жайлы баяндалды. Оқырмандармен кездесу барысында аудандық басылымның жас тілшілеріне арнайы куәлік табыс етілді.
Осыдан кейін семинардың негізгі жұмысы басталды. Онда аудан әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова өңірдің өрісті қадамдары жайлы қысқаша айтып өтті. Қазір ауданның қай саласында да ырғақты тірлік бар. Әсіресе, әлеуметтік салада мәселе жоқтың қасы. Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде «Сыр медианың» өз басылымдарын тарату қызметін қолға алуы өңірлерде жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне сеп болғанын атап өтті.
Семинарда «Сыр медиа» ЖШС серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев құрылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып, алдағы жоспарларды таныстырды. Ал серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев бірінші жартыжылдықтағы баспасөзге жазылу барысы мен алдағы науқанға дайындық барысы жайлы хабарлама жасады. Газет пен сайт қызметі жайлы серіктестік бас директорының орынбасары Қуат Шарабидинов баяндаса, әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бота Тәңірбергенова өз саласына қатысты жаңалықтардан хабардар етті, жарнама бөлімінің жетекшісі Кенжегүл Оспанова бірінші тоқсандағы жарнама қызметінің қорытындысын саралады.
Ал «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Сәуле Ерімбетова өз хабарламасында билік пен басылым арасындағы байланыс туралы кеңінен айтып өтті. Семинар соңында әр ауданнан жиналған әріптестер ортақ істі өрістету турасында пікір алмасты.