ПЕДОФИЛ 15 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Үстіміздегі жылдың 3-сәуірінде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жабық сот отырысында ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігімен айыпталған Қызылорда қаласының тұрғыны, 43 жастағы сотталушы Қ.Б.-тің қылмыстық ісі қаралып, педофил педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 15 жылға сотталды.
Сотталған Қ.Б 11 жастағы қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданып, бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін жасаған.
Нақты айтқанда, сотталған 2015 жылдың желтоқсан айының ішінде және 2017 жылдың 1-қаңтарында туған інісінің үйіне қыдырып келіп, інісінің 11 жасар қызына күш қолданып, табиғи емес нысанда жыныстық қатынас жасап, жыныстық құмарлығын қанағаттандырған. Жәбірленуші жасына сәйкес, сотталушыға қарсылық көрсете алмаған.
Статистика бойынша, әлемде 2 минут сайын 1 бала жыныстық зорлық-зомбылық көреді. Әрбір үшінші қыз 18-ге толғанша осындай жыныстық тиісуге ұшырайды екен.
Әрине оны құрғақ санмен өлшеу орынсыз. Әрбір жағдай - қоғам үшін үлкен трагедия, отбасына түскен қайғы-қасірет, баланың жанына салынған жазылмас жара.
Аузынан ана сүті кеппеген баланы зорлау – нағыз азғындық. Мұндай қылмыс жасағандарды мемлекет аяусыз жазалайды - 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырырады. Олардың жазасы жеңілдетілмейді. Сотталғандар уақытынан бұрын босатылмайды, рақымшылық жасау туралы заң қолданылмайды, олармен ешқандай процесстік келісім жасалмайды. Сотталғандар жаза мерзімін толық өтейді.
Мұндай қылмыскерлер педагогикалық қызметпен және балалармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырылады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді.
Құқықтық статистика комитетінің infopubliс.pravstat.kz сайтында педофилдардың картасы іске қосылды. Онда олардың фотосуреті мен анкетасы болады. Бұл сервисті кез-келген адам еркін пайдалана алады.
Енді осы қылмыстардың себептері мен мән-жайларына келетін болсақ олар әртүрлі. Негізгі себептерінің бірі ол:
1. отбасы институтының әлсіреуі, моральдық-адамгершілік құндылықтардың төмендеуі, ар-ұяттылықтың құлдырауы;
2. денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының зорлық-зомбылық әрекеттер жасауға бейім психикалық тұрғыдан ауру бар адамдарды анықтау бойынша өзара қарым-қатынас жасауының төменгі деңгейде болуы;
3. білім беру ұйымдарында мақсатты бағытталған профилактикалық жұмыс деңгейінің төмендігі;
4. порнография және зорлық-зомбылықты насихаттайтын интернет-сайттардың теріс әсері және олардың ашықтығы;
5. көп жағдайда жәбірленушілердің жеңіл жүріс-тұрыстары, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің спирттік ішімдіктер ішуі және аморальді өмір сүруі.
6. әлеуметтік статусы төмен отбасылардың жас балаларына тиісті көңіл бөлмеуі және жеткілікті тәрбие бермей, өз бетімен жіберуі болып табылады.
Әрбір екінші жыныстық зорлау қылмысын жасауға алкогольдік ішімдік ішу себеп болған. Көп жағдайда қылмыскердердің арам ниетін жүзеге асыруына - ересектердің мұқиятсыздығы негіз болады.
Сол үшін баланың зорлық-зомбылыққа тап болғанын оның жүріс тұрысы, сыртқы көрінісі және иіс белгілері арқылы көріп анықтауға болады.
Санасы толық бекімеген, әр нәрсеге сенгіш, көнгіш жас бала сырттан келер қәуіпті қайдан білсін? Сондықтан қараусыз қалған бүлдіршін- қылмыскерге оңай олжа.
Балаларымыздың дені сау, өмірі қауіпіз болсын десек, біріншіден, әрбір ата-ана сақ болып, үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарда, жалпы қай жерде болмасын баланы үнемі бақылауда ұстауы қажет.
Екіншіден, жеткіншектер қорлықты көбінесе танысы, тіпті жақыны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан көреді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекеті туралы қандай да бір ақпарат белгілі болған сәттен бастап, дереу 102-ге хабарлау қажет.
Үшіншіден, кейде болған іс айтылмайды, жасырылады, ұят болады дегендей. Бұл дұрыс емес, себебі қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына әкеп соғады.
Бұл ретте, аса ауыр қылмыстар санатына жататын бұндай әрекеттерді жасыру, сол сияқты ол туралы құқық қорғау органына хабарламаудың өзі қылмыс болып табылатынын есте сақтаған жөн.
Төртіншіден, баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқау қажет. Баламен жиі ашық әңгімелесу- оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.
Бесіншіден, қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Ондай ақпаратты интернеттен және жақында іске қосылған «Прокурордың 100 кеңесі» мобильдік қосымшадан алуға болады.
Сондықтан әр-бір ата-ана кәмелетке толмаған балаларына барынша сақ болып, мұхият қарап, азғындардың арам ниетін жүзеге асыруына жол бермей, балаларын қауіп-қатерден қорғауы тиіс.
Сая Темірбекова,
мемлекеттік айыптаушы-процесс прокуроры,
Қызылорда қаласы прокуратурасының
бөлім прокуроры, әділет кеңесшісі.