ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ПОЙЫЗДАРЫ ЖОЛҒА ШЫҒАДЫ
Еліміздегі алшақ станция тұрғындары негізгі медицина саласының білікті мамандарына тегін қаралып, тегін ем ала алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.
Аталған мүмкіндік медициналық қызметтер сапасын арттыру және медициналық қызметтерді қол жетімді ету мақсатында ұйымдастырылған «Медициналық пойыздар» әлеуметтік жобасының аясында беріледі.
11 сәуірден бастап «Саламатты Қазақстан», 18 сәуірден бастап «Денсаулық» поездары жолға шығады. Пойыздар заманауи диагностілеу және емдеу жабдығымен: компьютерлік спирометриялық жүйемен, эхоэнцефалограф, бейнегастрофиброскоп, кардиологиялық мониторлық жүйемен, рентген-, стоматологиялық, ЛОР- және офтальмологиялық заманауи құралдармен жабдықталған.
«Саламатты Қазақстан» пойызы ертеңнен бастап, 6 қарашаға дейін еліміздің орталық, солтүстік, шығыс және батыс өңірлер бөлігін қамтиды. Ал, «Денсаулық» пойызы 18 сәуірден бастап 20 желтоқсанға дейін оңтүстік және батыс өңірлерді аралап шығады.
Әр медициналық пойыз консультативтік-диагностілеу үшін арнайы жабдықталған 8 вагоннан тұрады. Дәрігерлер бригадасының құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты негізгі бағыт мамандары бар.
Спикердің айтуынша, 2016 жылы аталған жоба аясында пойыздар 181 станцияға қатынаған болса, 2017 жылы бұл көрсеткішті 50%-ға өсіру жоспарлануда. Яғни, биыл Денсаулық пойыздары 250 станцияға тоқтамақ.
Айта кетейік, «Медициналық пойыздар» атты кең ауқымды әлеуметтік жоба 2010 жылдан бастап іске асырылуда.
2010-2016 ж.ж. аралығында шамамен 1,5 миллион диагностілеу процедуралары, 4 мыңнан астам шағын амбулаторлық операциялар, 19 телемедициналық консультациялар өткізілді. Осы уақыт аралғында маммолог 44 мың әйелді қараса, 73 мың жергілікті тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді. Жұмыс нәтижесінде пойыз мамандары 394 мың науқасты тіркеді, оның ішінде 49,5 мың науқас бала қаралды. Сонымен қатар жаңадан пайда болған 5 080 ісік анықталды, оның ішінде 257 ісік балалардан табылды. Аталған пойыздар бағытының кестесін https://medpoezd.kz/ сайтынан көруге болады.