ДУБАЙ: ЖАҒАЖАЙЛАРҒА БАРАТЫНДАРҒА ЖАҢА НҰСҚАМА
Дубай билігі жағажайларға баратындарға жаңа нұсқамалар шығарды. Бұл туралы ҚР ИДМ туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали әлеуметтік желі арқылы хабарлады.
«Дубай муниципалитеті әмірлік аумағындағы жағажайларға баратындар үшін бұзуға болмайтын 7 ереже шығарды. Атап айтқанда, бұрынғысынша, жағажайларда от жағуға болмайды, рұқсатсыз сауда жасауға, адамдарды суретке түсіруге болмайды», - деп жазады ол Facebook-тегі парақшасында.
Одан басқа, Дубай билігі шомылатындарға өз заттарына ие болуды, оларды қараусыз тастамауды және жағажайда жергілікті дәстүрге сай киімде ғана жүруге болатынын ескертеді. Бірақ киім үлгісі қандай болуы керектігі нақтыланбайды.
«Жағажайдан тыс жерде шомылатын киіммен жүруге тыйым салынады. Одан басқа, түнде жағажайда қалуға болмайды. Бұл ереже жұлдыз астында ұйықтағысы келетіндерге қатысты. Ережені бұзғандарға жауапкершілік қандай болатыны айтылмаған. Бірақ, әңгіме айыппұл және тіпті қылмыстық қудалау туралы болып отырғанын болжауға болады», - деп жазады М.Иғали.