ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖАРЫС ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес 5-8 сәуір аралығында XIIІ «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарыс өтті.
2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан оқушылардың халықаралық ғылыми сайыстарының басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметіне баулу, отандық және әлемдік ғарыштық жетістіктерді насихаттау, ақпараттық және ғарыштық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру, дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау. Жарыс академик В.Н. Челомея атындағы Халықаралық ғарыш мектебі базасында өтті.
Жарыста республикамыздың барлық аймақтарынан, сонымен қатар алыс - жақын шетелдерден 200-ге жуық оқушы қатысты.
Іс-шараның форматымен ғылыми жобаларды қорғау 5 секция бойынша жүргізілді:
1 секция: «Зымырандық техника және инфрақұрылым»
2 секция: «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу»
3 секция: «Экология және ғарыштық қызмет»
4 секция: «Астрофизика және Дүние жүзінің эволюциясы»
5 секция: «Күн жүйесі»
Қатысушыларға қызықты саяхат бағдарламасы ұйымдастырылды. Оқушылар әйгілі «Гагаринский старт», алғашқы ғарышкер Ю.Гагарин мен бас құрастырушы С.П.Королевтың Мұражай – үйін, «Байқоңыр» ғарыш айлағы ғарышкерлерінің мұражайын, «Буран» орбиталық кемесін, және Байқоңыр қаласының тарихи жерлерін: қалалық ғарышкерлер мұражайын, зымыраншы-сынаушылардың, ғарыштық ғылым саласындағы атақты академиктерге арналған монументтерін тамашалауға мүмкіндіктер жасалды.
Сонымен қатар, 8 сәуір күні оқушылар әйгілі «Қорқыт – ата» мемориалдық кешеніне барды.
Қызылорда облысы бойынша жарысқа 11 оқушы қатысып, сайыс қорытындысымен 4 оқушы ІІ дәрежелі дипломдармен, 4 оқушы ІІІ дәрежелі дипломдармен және 1 оқушы мақтау грамотасымен марапатталды.