ҒАРЫШКЕРЛЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ СУРЕТТЕРІ ЖАРИЯЛАНДЫ
Ресей ғарыш корпорациясының сайтында Жерге оралған ғарышкерлердің алғашқы сәтіндегі суреттері жарияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
10 сәуірде Астана уақытымен сағат 17:21-де «Роскосмос» аппаратымен ғарышкерлер Андрей Борисенко, Сергей Рыжиков және NASA астронавты Роберт Шейн Кимброу Жезқазғаннан оңтүстік шығысқа қарай 147 шақырым жерге қонды. Орбитадан оралған аппарат Жерге сәтті қонды. Экипаж мүшелерінің көңіл-күйі жақсы екені суреттен айқын көрінеді.
МКС-49/50 экспедициясының экипажы орбитада 173 тәулік болды. Экипаж ғылыми зерттеу жүргізді, Халықаралық ғарыш стансасының жұмыс істеуін қамтамасыз етті, ХҒС-на жүк зымырандарымен жеткізілген құрылғыларды орнатты. «Союз МС-02» зымыранының экипажы 2017 жылы қазан айында ғарышқа ресейлік ғарышкерлер алып ұшқан проваславтық діни жәдігерді жеткізді.
52 жастағы ресейлік ғарышкер Андрей Борисенко осымен екінші рет орбитаға барып келді. Алғашқы жолы ол осыншама мерзімге шақталған сапарға 2011 жылы сәуір айында аттанған еді. 42 жастағы Сергей Рыжиков үшін бұл ғарышқа алғашқы сапар. Ол ұшу және қону кезінде ғарыш кемесінің капитаны болды, ХҒС-да бортинженер қызметін атқарды. Америкалық астронавт Роберт Шейн Кимброу ХҒС-да командир болды. Ол екінші рет ғарыштық экспедицияға қатысуда. 2008 жылы «Индевор» шаттлымен әуеде екі апта болды, сол сапарында екі мәрте ашық ғарышқа шықты.
Орбитада болған 173 тәулік кезінде де сол жолғы ашық ғарышқа шығу тәжірибесін қайталады. Қазір ХҒС-дағы кезекшілікті америкалық астронавт - ХҒС командирі Пегги Уитсон, бортинженерлер - ресейлік ғарышкер Олег Новицкий мен еуропалық астронавт Тома Песке атқаруда.