ЖАПОНДАР ЖЕРДІ ТЕСЕЙІН ДЕП ЖАТЫР
Жапониядағы теңіз ғылыми және технология орталығының (JAMSTEC) бір топ ғалымдары жер қыртысын тесіп өтіп, мантияға жетпек ойлары барын мәлімдеді.
Жер қыртысынан кейінгі геосфера саналатын мантияға әлі ешкім жеткен жоқ. Әлемде алғаш рет осы іске бел шешіп отырған жапондар мантияның геологиялық қабығынан сынама үшін сәл ғана кертіп алмақшы. Бұл жайлы Gizmodo басылымы хабарлап отыр. Осы мақсатта Chikyū геологиялық барлау судносын сайлап қойған жапондар шынымен жер қыртысын тесу қолдарынан келетініне сенімді.
Қазір олар бұрғылауға қолайлы ауданды іздестіруде. «Солардың бірі ретінде Гавай аралдарының солтүстік-шығысы таңдалып тұр» деп жазады осы ел басылымдары.
Осы жылдың қыркүйегінде ғалымдар сейсмикалық толқындар көмегімен жер қыртысының құрамын зерттеуге кіріседі. Осы арқылы бұрғылау нүктесін анықтайды. Мамандар пікірінше жерді тесу 2030 жылдан басталуы мүмкін.
Әлі ешкімнің қолынан келмеген шаруаны бастаған жапондық ғалымдар «Мантияны зерттеу жер сілкінісін мейлінше дәл анықтайтын жүйе қалыптастыруға негіз болады» деген пікірде.