ҚАРУЫҢДЫ ТАПСЫР ДА, СЫЙАҚЫ АЛ!
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 2017 жылғы 10 сәуірден бастап республика аумағында тұрғындарда заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізілуде. Бұл туралы Қызылорда ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау болып табылады.
Қазіргі таңда барлық қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінде азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі комиссия құрылды.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
2016 жылы азаматтардан барлығы заңсыз сақталған 344 қару өтемді түрде қабылданды, олардың 312 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 32 иір ойықты аңшы қару, 235 дана қарудың оқ-дәрілері. Облыс көлемінде 2014 жылы тұрғындар арасында қару-жарақ өткізген 292 азаматқа барлығы 15000000 теңге төленген.