ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемов бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын ақпараттандыру мақсатында құрылған АНТ жұмысымен таныстырды.
Оның айтуынша үстіміздегі жылдың 15 ақпанындағы облыс әкімінің өкімімен 129 адамнан жасақталған 9 облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, елді мекендерге шығу кестесі бектілді. Аталған топ құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, оқытушы ғалымдар, ҮЕҰ, этномәдени орталықтар мен БАҚ өкілдері енгізілген. Топ жетекшісі болып облыстық мәслихат хатшысы мен «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыс әкімінің орынбасарлары бекітілді.
- Облыстық ақпараттық-насихат топтың жұмысын кезең-кезеңімен ұйымдастыру жоспарланып топ мүшелерінің бірінші легі 10-25 ақпанда, екінші легі 13-16 наурыз аралығында кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауының негізгі бағытын насихаттау мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Б.Еламанов, М.Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаттары А.Ералиев, Н.Жұмаділдаева, М.Махамбетов, М.Айсина, А.Смағұлов 2-9 ақпан аралығында 21 кездесу өткізіп, оған 4500 адам қатысты. Жалпы Жолдау жарияланғаннан бері облыста барлығы 431 арнайы шара ұйымдастырылып, 32 мыңнан астам тұрғын тікелей ақпарат алмасты, - дейді Е.Рүстемов.