ПАРТИЯ ӨКІЛДЕРІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ
Қызылордалық нұротандықтар облыс халқына арналған медициналық орталықтың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қызмет көрсету сапасын тексерді.
Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға облыстық филиал басшылығы мен жауапты қызметкерлері, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, облыстық мүгедектер қоғамының жетекшісі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, денсаулық сақтауды қадағалау департаментінің мамандары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
«Өткен жылы партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда кембағал жандардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту туралы 2016-2017 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданды. Оның орындалуын бақылау нұротандықтарға тапсырылды. Бүгінде партия филиалдары жанынан құрылған Қоғамдық бақылау топтары бақылау жұмыстарын тұрақты жүргізіп жатыр», – дейді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.
Рейд барысында облыстық медициналық орталығының қызметі жұмыс тобы мүшелерінің көңілінен шықты. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік жағдайы қажетті деңгейде. Олардың жүріп-тұруымен қатар, емдеу шаралары да назардан тыс қалмаған. Бұл туралы орталықтың бас директоры Сәбит Пазылов өзі баяндап берді.
«Бізде нейроинсульттік орталықта мүмкіндігі шектеулі азаматтар да ем алады. Орталық жанында олардың емделуі мен демалуына арналған арнайы парк жасақталған. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін түрлі спорттық қондырғылар қойылған. Қолымыздан келгенше орталыққа келетін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз», – дейді бас дәрігер Сәбит Пазылов.
Ал өңірдегі әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімділігін қадағалауды нұротандықтар жүйелі жүргізіп келе жатқанын айтқан комиссия мүшесі, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділлаев «Топ жыл басынан бері 114 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 56 нысанның талапқа сай еместігі анықталып, тиісті органдарға шара қолдану жөнінде ұсыныстар жолданды. Келешекте де осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады», – деді.