ҚАЗАЛЫДА ПРОЗА ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ ҚҰМАР ЖАНДАР САЙЫСТЫ
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастарды табу мақсатында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы өткізілді.
Сайысқа 40-қа жуық талапкер қатысып, олар әдебиеттің екі жанрында – прозалық және поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқудан бақ сынасты. Көркем сөздерді төгілтіп, мәнерлеп оқыған жастар шеберліктерін шыңдап, тіл құдіретін түсінетіндігін байқатты. Жиналған халықтың жан сарайын сұлу сезімге бөлеген, тәтті қиялға қанат қақтыратын таңғажайып туындылармен сусындатқан маңызы зор шара болды.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері, ақын Қалиев Ұлан, аудандық «Қазалы» газетінің тілшісі, ақын Табынбаев Есет, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Әжімұрат Бекзат қазылық жасап, сарапқа салды. Сайыс барысында төрешілер қалыптасқан дәстүр бойынша қатысушылардың көркем мәтінді оқу шеберліктеріне, оқылатын шығарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударды.
Қорытындысы бойынша жан-жақты дайындығымен ерекше көзге түскен «Балапан» балабақшасының тәрбиешісі Аралбаева Рита бас жүлдені қанжығаласа, бірінші орынға №234 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Дәкібай Гүлнұр табан тіреді. Екінші орынды кәукейлік Насыр Айсұлу, «Алпамыс» балабақшасынан Наетова Әйгерім, ал үшінші орынды Өтеулиева Сағыныш (№266 мектеп-лицей), Жанділдаев Мұрат (Ақтан батыр ауылы), Жарылқасын Ботакөз (№226 гимназия) өзара бөлісті.
БЕКЗАТ ҚАЗИҚЫЗЫ.