«МЕМОРИАЛ» СЕРВИСІ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
2014 жылы Қызылорда облысының Ішкі істер департаментіне ұлттық қауіпсіздік органынан ақтауға жатпайтын адамдардың мұрағаттық қылмыстық істері, қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдары ақтаған тұлғаларға қатысты мұрағаттық қылмыстық істер және Германияда әскери тұтқында болған және өз еліне қайта оралған бұрынғы КСРО азаматтарына қатысты құжаттар өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті Ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында жалпы саны алты мыңнан астам қылмыстық істер сақталуда.
Саяси репрессия құрбандары туралы ақпаратты анағұрлым қолжетімді ету мақсатында Ішкі істер министрлігінің веб-порталында (http://mvd.gov.kz) әлеуметтік маңызы бар «Мемориал» сервисі құрылды. Аталған сервисте, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туған жылы, тұрғылықты жері, тұтқындалған уақыты, сотталғандығы және ақталғандығы жөніндегі мәліметтер енгізілген.
Ақталған азаматтар, не болмаса олардың өкілдері, қайтыс болған жағдайда олардың туыстары қылмыстық істердің процестік емес сипаттағы құжаттармен танысуға, сондай-ақ істе сақталған қолжазбаларын, фотосуреттерін және өзге де жеке құжаттарын немесе олардың көшірмелерін алуға құқығы бар.
Ішкі істер органдарының арнайы мемлекеттік мұрағатының мемлекеттік қызметтер көрсетуі шеңберінде мұрағаттық анықтамалар, құжаттардан үзінділер, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың құжаттарының көшірмелері өтініш берушіге немесе олардың сенімді адамдарына беріледі.
Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті Ақпараттық-сараптамалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағаты жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштерін қарау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді. Аталған қызмет бойынша 2016 жылы 650 жуық арыз қаралды.
Атқарылған іс-шаралар бойынша өтініш берушілер мұрағат қызметкерлерінің жұмысына оң баға беріп, ризашылығын білдірген хаттарын жолдауда. Атап айтқанда: Семей қаласының тұрғыны Джамбаев Әбінсерік Сарқытбайұлының 1972 жылы қайтыс болған, ҰОС-на қатысқан «Қызыл Жұлдыз» орденінің кавалері, «За отвагу», «За победу над Германией ВОВ 1941-1945 г.г.», «20 лет победы в ВОВ 1941-1945 г.г.» медальдарының иегері, әкесі сарқытбай Джамбаевтың жерленген жерін анықтап беруді сұраған арызы тіркелді. Іздестіру барысында Джамбаев Сарқытбайдың жерленген жері анықталып, арыз иесіне хабарланды. Нәтижесінде азамат Джамбаев Әбінсерік мұрағат қызметкерлеріне алғысын білдіруде.
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Ә. Әбіласанұлы «Түркістан легионы» бөлімдері жайлы деректер жинастыру үшін, бірқатар азаматтар туралы мәліметтер сұратқан болатын. Сол легионда болған және Эстония жерінде тұтқынға түсіп, неміс концлагерінде болған азаматтар туралы толық мағлұматтар алып, арызы оң шешімін тапты.
Ресей Федерациясы, Ульяновск облысының тұрғыны Бобрович Антон Сергеевичтің репрессияға ұшыраған атасы Бобрович Франц Валерьянович жайлы деректер сұрау хаты келіп түсті. Мұрағатта сақтауда тұрған құжаттар арасынан азамат Бобрович Франц Валерьяновичтің мұрағаттық анықтамасы мен фотосуретін алған арыз иесі ризашылығын білдірді.