ОРЫС ТІЛІНІҢ БІЛГІРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен қазақ тілінде оқитын жастардың арасында орыс тілін таныту, орыс тілін меңгерген дарынды жастарды анықтау мақсатында «Ой - сана» атты орыс тілі білгірлерінің аудандық байқауы өткізілді.
Сайысқа онға тарта талапкер қатысты және олар бірінші кезеңде орыс тілінің лексика-грамматикасын білуге арналған тест тапсырмаларын орындаса, екінші кезеңнің жазбаша бөлігінде берілген тақырыпта эссе жазды және викториналық бөлігінде орыс тілі, әдебиеті мен мәдениеті, салт-дәстүрлері жайында викториналық сұрақтарға жазбаша жауап берді. Үшінші кезеңде кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқудан сынға түсті.
Арнайы құрылған қазылар алқасының құрамында аудандық білім бөлімінің әдіскері Қалиев Ұлан, №249 мектеп-лицейдің орыс тілі пәнінің мұғалімі Жарасова Шамшырақ, аудандықмәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Тасыбаева Раиса болып, Үміткерлердің білімі мен біліктілігін бағалады.
Нәтижесінде бірінші орынды №249 мектеп-лицейдің мұғалімі Эльвира Қожахметова жеңіп алса, жүлделі екінші №258 мектептің мұғалімі Сәндігүл Жалғасбай, үшінші орынды №70 мектептің мұғалімі Назгүл Сағындықова иеленді. Жеңімпаздар арнайы диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.