КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ ЖАЛАҚЫНЫҢ ТӨМЕНДІГІНЕН
Балабақшалардағы кадр тапшылығы жалақының төмендігінен орын алып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте мектепке дейінгі оқыту қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті.
Вице-министрдің дерегінше, бүгінде еліміздің мектепке дейінгі ұйымдарында 84 мыңнан астам педагог еңбек етуде.
«Жыл сайын бұл мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келе жатыр. Дегенмен, мектепке дейінгі ұйымдардағы кадр тапшылығы балабақша педагогы мамандығының тартымсыздығынан емес жалақының төмендігінен орын алып отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде балабақша тәрбиесінің жалақысы 35,7-55,6 мың теңге төңірегінде болса, ал оның көмешісінің айлығы не бәрі 25-30 мың теңге ғана болып отыр.
«Жалақы балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жүктелетін жауапкершілікпен мүлдем сәйкес келмейді», - деді Суханбердиева.
Осы ретте ол бұл ахуалды реттеу үшін мектепке дейінгі мекемелердің педагогтарының жүктемесін қайта қарастыру керек деген ойын жеткізді.
«Мектеп ұстаздарының жүктемесін қайта қарауда бізді қолдауларыңызды өтінеміз», - деді вице-министр Мәжіліс депутаттарына.
ҚазАқпарат