СУИЦИДПЕН КҮРЕС КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жастар денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер мен озық тәжірибелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияна орай сала басшыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, Қазақстандағы БҰҰ-ның Балалар Қоры бағдарламаларының үйлестірушісі А.Қадырова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі психикалық денсаулықтың республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры С.Алтынбеков, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығының директоры Ж.Баттақова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Е.Ерсайынов қатысты.
Жиын барысында бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу тәжірибесі және күрес жүргізуге көмегін беретін басқа да жобалар бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар барысы талқыланды.
«Суицидтің тиімді алдын алу жұмысын ұйымдастыру үшін жоба аясында біздің облыста білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, құқық қорғау, ақпараттандыру қызметтерін қамтитын, салааралық кешенді жұмыстар атқарылуда. Қазақстанға әлемде бар тәжірибені алып келіп, оны бейімдеп енгізуге жағдай жасаған БҰҰ-ның балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің зор үлесін атап өткім келеді. Бұл жоба жүйелік сипаттағы оң нәтижесін беруде. Қазақстандық мамандар тиімді әдістеме мен жұмысты ұйымдастыру дағдыларына ие болды, жобаны бүкіл ел көлемінде жүзеге асыруға байланысты өзіндік көзқарас пен іс-қимыл алгоритмі қалыптасты» - деді Р. Рүстемов.
Айта кетерлігі, Қызылорда облысында 2015 жылы Республикада алғашқы облыстардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымының «ЮНИСЕФ» Балалар қорының «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» пилоттық жобасы енгізілген.