БАСТАМАНЫ БІРЛЕСЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҰСЫНЫЛДЫ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қала әкімдігінде өткен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналған мәжілісте облыс орталығын бизнеске қолайлы шаһарға айналдыру бағытында бірлесе атқарылып жатқан шаралар жайлы айтты.
–Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бағытында әріптестік негізде тиісті шаралар қабылдау арқылы бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін жедел шешуде. Оған жақында ғана шешілген қаладағы дүңгіршектер мәселесін айтуға болады,-деді ол.
Қазір облыста «Нәтижелі жұмыспен қамту – 2017-2021» бағдарламасы аясында «Бастау» бизнес жобасы басталды. Жобаға қатысуға тілек білдірген аудан азаматтары 1 сәуірден бастап тестілеуден өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін 5 ауданда өткен тестілеуге 229 адам қатысты. Қызылорда қаласы әзірге бұл жобаға енбеуіне байланысты кәсіпкерлік палатасы қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарына қолдаудың өзге де түрлерін қарастырып жатыр.
Мәселен, қазір Кәсіпкерлер палатасы «Даму», «ҚазАгро» мамандарымен бірге қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарына арналған «Кеңес беру күні» акциясын жүргізуде. Акция барысында жұмыссыз және аз қамтылған отбасы жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында кеңес, ақпарат беру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін шара 7 ауылдық округте өткізілді. Айта кету керек, бұл акцияны тоқсанына бір рет өткізу жоспарланып отыр.
-Кәсіпкерлер палатасымен бизнес өкілдерінен түсетін шағымдарға талдау жасау барысында арыздардың 30 пайыздан астамы жер қатынастары саласына қатысты екендігі анықталды. Осы жерде мынадай ұсыныс айтқым келеді. «Қызылорда – бизнеске қолайлы қала» деген бастаманы жүзеге асыруды ұсынамын. Жалпы кәсіпкерлердің мәселесін шешуде неғұрлым жеңіл жолын қарастыру қажет. Бұл ретте, Палата жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Мәселен, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы облыс тұрғындары үшін «Бизнес-мектеп» компоненті бойынша оқу жүргізеді. Аталмыш компоненттің ішінде екі күндік ақысыз «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша біліктілікті жетілдіруге болады, -деді палата басшысы.
«Бизнес-кеңесші» жобасы – әрекет етуші және кәсіпті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге сонымен қатар кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға қысқа мерзімді кәсіпкерлікті жүргізу негіздерін оқытатын жоба.