АВИАЦИЯЛЫҚ АПАТТАРДЫ ТЕРГЕЙТІН АРНАЙЫ ОРГАН ҚҰРУ ҰСЫНЫЛДЫ
Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Парламенті Сенатының отырысында авиациялық апаттарды тергейтін арнайы орган құруды ұсынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Меніңше, авиациялық апаттар мен оқиғаларды тергейтін арнайы орган құру керек. Ол азаматтық және мемлекеттік авиацияда орын алған оқиғаларды тергейтін біріктірілген орган да болуы мүмкін. Бүгінде біздің министрлікте және Қорғаныс министрлігінде авиациялық оқиғаларды тергейтін жеке бөлім жұмыс істейді, бірақ xалықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, бұл органдар министрліктен жеке болуы тиіс және тәуелсіз қызмет етуі керек", - деді Ж. Қасымбек Сенат отырысында.
Бұның алдында xабарланғанындай, Қазақстанда авиациялық қауіпсіздік заңмен күшейтіледі. Сонымен қатар бүгін Сенат отырысында министр Қазақстанда авиабилеттерінің бағасы түсуі мүмкін екенін де мәлім еткен болатын.