ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ӨМІР СҮРУ ДАҒДЫЛАРЫН НЫҒАЙТУДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ
2017 жылдың 6 ақпанында Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында Қызылорда облысының әкімдігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ Балалар Қорының өкілдігі «Жастар денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер мен озық тәжірибелер» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шара ҚР Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктерінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Конференция жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының және үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Конференция тақырыбының өзектілігі жастар денсаулығының физикалық және менталды жағдайына байланысты. Көп ретте үлкен өмірге жаңадан қадам басқан жастардың айналасында болып жатқан проблемаларға төтеп беруге және өз денсаулығына көңіл бөлуге өмірлік тәжірибесі болмайды. Бұл теріс әрекеттерге, оның ішінде суицидке алып баратын түрлі қауіп-қатерлі факторларға әкеп соғуы мүмкін.
ҚР Бас прокуратурасының мәлеметіне сәйкес соңғы онжылдықта біздің мемлекетіміз жыл сайын 15-29 жас аралығындағы 200-ге жуық жас азаматтардан айырылады. Осылайша жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау травматизмнен кейінгі екінші орында тұр.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған шараларды іздестіру нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесіп жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицидке қарсы жобаны қолға алды. Бұл жоба 2015 жылы Кызылорда облысының аумағында сәтті жүзеге асырылып, нәтижелері ғылыми-тәжірибелік конференцияда сарапшылармен талқыланды.
Сондай-ақ, конференция барысында мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайларын аңықтауға арналған "сауалнаманы" қолдану, балаларын жобаға қатыстыруға ата-аналардан рұқсат алу, "қауіпті топтағы" жасөспірімдердің псиxологиялық және медициналық проблемаларына қолдау көрсетуде аймақтың білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің өзара қарым-қатынас жүйесін құру жөніндегі мәселелер талқыланды.
Нәтижесінде конференцияға қатысушылар төмендегідей шешімдер қабылдады:
- аталған жобаны өте тиімді деп тану туралы (жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алудағы жедел және бастапқы шарасы ретінде);
- оқушылардың өмірлік дағдыларын дамыту арқылы болашақта суицидтің түпкі себептерінен арылу мақсатында жобаны «Денсаулық сақтау және өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» бағдарламасына дейін жетілдіру қажеттілігі;
- аталған бағдарламаны жасөспірімдер арасындағы суицидті болдырмаудың тұрақты, бірыңғай, ұлттық стратегиясы ретінде еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыру;
- мемлекеттік органдар мен бизнес және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жастардың бойында өмірлік дағдыларды қалыптастыруда және суицидтің алдын алуда әлемдік ғылыми жетістіктерді ескере отырып, бұл бағдарламаны дамыту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізудің маңыздылығы туралы;
- өскелең ұрпақтың өмірлік дағдыларын дамыту және күшейту мақсатында өзге өңірлерде Қызылорда облысының Жастар денсаулық орталығының тәжірибесін қолдану туралы;
Осылайша, бүгінгі конференцияның нәтижелерін дені сау ұрпақты қалыптастыру және еліміздің адами капиталын жақсарту ісінде жасалған маңызды қадам деуге болады.