МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ 15 ЖАНДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫДЫ
«Есту-сөйлеу қабілетінен толық айрылған мүгедектерді оқыту-өндірістік кәсіпорны» ЖШС іргетасы 2008 жылы қаланған. Ал,бұл игі бастаманы қолға алып, мүмкіндігі шектеулі 15 жанды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Орынкүл Оразбаева. Кәсіпкердің сөзінше, бизнесті отбасымен бірлесіп қолға алған.
- Менің төрт балам бар, ішіндегі ерекше қабілеттісі ұлым Айболат. Бала күнінде ауыр дертке шалдығып,соның салдарынан сөйлеу мен есту қабілетінен мүлдем айрылды. Алайда, алдына мақсат қоя біліп,еңбекқорлығымен талай белестерді бағындырып жүрген ұлымның бастамасымен біз өз отбасылық кәсібіміздің неігізін қаладық. Бүгінде тігін цехымызда мүмкіндігі шектеулі 15 адамның қатарында Айболат өзінің жұбайы Әсел екеуі де еңбектенеді. Келінім де есту-сөйлеу қабілетінен айрылған. Екеуі қажырлы еңбегінің арқасында 4 баласын керек-жарағымен қамтып, балаларының қатарынан қалмай өмір сүруі үшін аянбай жұмыс жасап жүрген жайы бар. Барлық тігіншілердің шеберлігі бірінен-бірі асып тұр, - дейді Орынкүл Оразбаева.
Оразбаевтардың отбасылық кәсібін дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегі аса маңызды болды. 2013 жылы өндірістік цехты дамыту мақсатында компания мемлекеттік бағдарлама аясында 14% үстемемен 5,4 млн.теңге несие рәсімдеген болатын, оның 7% үстемесін мемлекет есебінен өтелді.
- Біздің ұжымда жұмыс жасайтындардың барлығы есту мен сөйлеу мүмкіндігінен айырылып, мүгедек атанған жандар, біз оларды арнайы оқытып, тұрақты жұмыс бердік. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық-маңызды еңбек қызметіне баули отырып, компаниямыз оларға қажетті әрі жайлы еңбек шарттарын және мәдени-өндірістік жағдаймен қамтамасыз етуді мықтап қолға алған, - дейді Орынкүл Оразбаева. Қазіргі таңда негізінен балабақшалар мен ауруханаларға төсек жабдықтарын тігіп, жеткізіп отырмыз. Жазға қарай оқушылардың мектеп формасы мен ұлттық үлгідегі балалар киімдерін тігуді бастау жоспарда бар. Осы мақсатта өңдеу өнеркәсібінде жұмыс жасайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған бағдарлама аясында 6% үстемемен жеңілдетілген несие рәсіпдеп, тігін цехының құрал-жабдықтарын қайта жаңғырттық. Өндіріс қуаты тігін өнімдерінің кең көлемдегі түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Барлық өнімдерімізге сәйкестік сертификаттары берілген.
Орынкүлдің сөзінше, кәсіпкер болудың өз қиындығы жетерлік, себебі тек өз қызметкерлердің ғана емес, олардың отбасыларының алдында да жауапкершілік жүгін сезінесің. Кәсіпорын өнімдерінің жоғары сапалы болуының арқасында цехқа тапсырыстар үздіксіз түсіп,қазіргі таңда цехтың даму қарқыны жақсы.