ҚАРЫНДАСТЫҢ ҚАМЫ ҮШІН ЖАНЫН ТІККЕН
Зердемізге салып ойланып көрсек, отбасындағы ұлағатты тәрбие адамды мейірімге, бауырмалдыққа, жылы сезім мен ыстық ықыласқа бөлейтінін ұмытқан сыңайлымыз. Десе де жанымызды жадыратқан жаңалықтарды естіп көңіліміз көтеріліп қалады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің бекер айтылмағанына тағы да көз жеткіздік. Данагөй әке баласын қырағылық пен батылдыққа, адалдыққа, жомарттыққа баулыған болып шықты. Намысты ұл өрімдей қарындасын ажалдан арашалады. Елімізге белгілі ақтаңгер ақын, айтыс дүлдүлі Махамбетқали Тұрсановтың өнегелі отбасында болған мына бір оқиғаны естіп, бәрекелді дестік. Рухы мықты ұлтымыздың жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен арыстандай ұлы барын мақтан тұттық. Ол азамат Махамбетқали атамыздың екінші ұлы – Шертай екен. Оны естігенде, «тектінің тұяғы ғой» деп марқайып қалдық. Біздің кейіпкеріміз қырық тоғыз жаста. Өзін аса мадақтағанды да ұната қоймайтын әдеті бар. Десе де ол қазіргі заманның нағыз ержүрек батыры екенін мойындауымыз керек. Ол туған қарындасы – Ләззатқа бір бүйрегін берді. Осылайша дерт азабын жылдап тартқан бауырына екінші өмір сыйлады. «Ерлік білекте емес, жүректе» деген бәлки осы болар? Өзінің басын қауіп-қатерге тігіп, жауқазын өмірге араша түсті.
Шертай өз отбасында 4 бала тәрбиелеп отырған азамат. Жеке кәсіппен айналысады. Махамбетқали ағамызың қара шаңырағына ие болып отырған перзенті. Ол бізбен әңгімесінде көз алдында қызыл гүлдей жайнап өскен қарындасының ауруы дендеп, жанары солып, қиналған кейпін көріп, шыдай алмай осындай батыл шешімге келгенін айтты. Біз ұялы телефон арқылы бүйрегін ауыстырып, өмірмен қайта қауышқан бақытты ана Ләззат Тұрсановамен де тілдестік.
– Өмірде адам күтпеген бақытты сәттер оралады дегенге өз басым дерт дендей бастағанда сенбедім. Өзімнің ажалмен бетпе-бет келгенімді түсіндім. Мені енді ауыр науқастан ешкім құтқара алмайды деп іштей жарық дүниемен қоштаса бастадым. Менде екі бүйрек те жоқ. Бір жарым жылдай диалезбен жүрдім. Аптасына 3 рет қан тазалатамын. Әр күнім сарғайған уайыммен өткенін еске алғым келмейді. Тұлымы желбіреген 3 қызым мен жан жарым және ағайын, туыс, дос-жарандарымның күн-түн тілеген дұғалары да жәрдем берген шығар! Әсіресе, мен дегенде жанын қиюға даяр тұратын ағатайымның тәуекелшілдігінің арқасында ғажайып дүниенің есігін қайта аштым, – дейді дауысына діріл араласқан Ләззат.
Оның жанарының жасқа малынғанын жүрегіміз сезді. Оның қуаныш жасы болғаны қандай керемет десеңші. Әп-сәтте өз-өзіне келіп, әңгімесін қайта жалғады.
– Астанадағы республикалық ұлттық ғылыми медициналық орталықта емделдім. Қазіргі заманауи технологиямен жабдықталған емдеу орнындағы ақ халатты жандарға алғысым шексіз. Қазақстандағы медицина қарыштап дамығанына көзім анық жетті. Бұл жерде күрделі оталар әп-сәтте жасалып, алтын қолды дәрігерлердің көмегімен көптеген науқастар мен секілді дертінен құлан-таза айығып шығып жатыр. Маған күрделі бүйрек ауыстыру отасы 16 наурызда жасалды. Өзімнің жеке дәрігерім, біздің жерлесіміз Ахмет Сейдахметовке алғыс айтамын ,– дейді ол.
Оның айтуынша, әдетте мұндай отадан соң науқастар көп ауыртпалықпен, уақыт оздырып, оңала бастайды екен. Мен болсам, сәт санап жеңілдей бастадым. Біздің бүйрегіміздің 100 пайыз сәйкестігі лезде қайта қалыпқа келуімізге көмектескен. Бұрын бет-аузымдағы домбығып тұрған ісіктер де кете бастады. Онда отадан соң 10 күн ем алдым. Қазір сол жақта дәрігерлердің бақылауында уақытша тұрып жатырмыз. 1 сәуірдегі туған күнімді Астанада ағам сыйлаған жаңа бүйрекпен, үміт шырағым қайта маздап, ерекше сезімде қарсы алдым. Бұл менің 43-ші көктемім болатын, – дейді Ләззат Тұрсанова.
Үлкен ағасы Нартай Тұрсановтың айтуынша, ауылдағы әкесі Махамбетқали, анасы Маржан әжей күні-түні Алладан тілек тілеп, бір-біріне тіреу болған қос перзенттерінің елге аман-есен оралуын тағатсыздана күтіп отыр. 12 балаға өмір сыйлаған алтын құрсақты ана қарындасына қарлығаштай қамқор болып, оған бөлінбес бүйрегін берген алтын жүректі перзентіне дән риза.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.