ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ ЖАҢА ШАРТТАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі енді депозитті тегін ашуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айзат Ізтілеуова айтты.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен тұрғын үй құрылыс жинақтары шартын жасағаны үшін және шарттық соманы арттырғаны үшін комиссия алынбайтын болды. Бұл өзгертулер 2017 жылдың 3 сәуірінен бастап күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін аталған қызметтер үшін алынатын комиссия көлемі – шарттық соманың және дипозиттің арттыру сомасының 0,55 пайызды құрайтын.
- Тұрғын үй құрылысы жағынан біздің облыс алғашқы орында келе жатқанын айта кетуіміз керек. Наурыз мерекесіне арналған шаралар аясында еліміз бойынша тұңғыш рет Қызылордада «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған шағын аудан пайдалануға берілді. Бағдарламаның шарты да жеңіл. Салымшы есепшотқа баспана құнының 30 пайызын енгізуі керек. Сонымен қатар тек облыс орталығы ғана емес, аудандағы тұрғындар да бағдарлама қатысушысы бола алады,– деді Айзат Ізтілеуова.
2017 жылдың 18 наурыз бен 19 сәуір аралығында «Жергілікті атқарушы органдарда кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілетін баспаналарға өтініштер қабылдау жүргізілуде. Тұрғындарға пәтерлер Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесі бойында орналасқан №12,13 және Ә.Қашаубаев көшесі бойында орналасқан №1,2 көпқабатты 50 пәтерлік тұрғын үйлерден берілмек. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 140 мың теңге.