ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ТАБЫСЫ
Қазалыдағы №249 мектеп-лицейдің өнерлі өрендері «Қош келдің, құтты Наурызым!» атты республикалық балалар шығармашылығы байқауына қатысып, жеңіспен оралды. Еліміздің әр түкпірінен жиналған балғындар арасынан бірінші сынып оқушылары Тоғжан Тоғай мен Алтынай Жәдігер «Ән шашу», «Туған жер» әндерін шебер орындап, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Қос бүлдіршіннің табиғи дауысы, сахналық киімі, сахнада өзін ұстауы, тәтті сәби қылықтары қазылар алқасын тәнті етіп, көрермендер көңілінен шықты.
Алтынай Жәдігер осы байқауда би жанры бойынша да бақ сынаған еді. «Бақыт құсы» биін билеген ол бірінші орынды қанжығасына байлады. Көркемсөз жанры бойынша 8 «а» сынып оқушысы Нұрайым Бекаралованың жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевқа арнаған «Мен Ғанимын!» атты төл туындысы жоғары бағаланып, бірінші орын иеленді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, байқаудың ән және көркемсөз жанры бойынша жас балғындарды дайындаған Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Гүлнәр Аяп байқаудың «Үздік жетекші» номинациясымен, ал мектеп ұжымы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Құралай ӘЛІШЕВА,
№249 мектеп-лицей тәлімгері