ӘРБІР АЗАМАТ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНА ЖАРНА ТӨЛЕУГЕ МІНДЕТТІ
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап әрбір азамат сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметіне өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жарна төленбеген жағдайда еліміздің азаматтарына мемлекеттік тегін медициналық көмектен тек жедел-жәрдем және санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде, профилактикалық егулер сияқты қызмет түрлері ғана көрсетіледі.
Ал, балаларға, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға, жұмыс істемейтін жүкті әйелдерге, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына, қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға, жұмыс істемейтін оралмандарға, көпбалалы аналарға, мүгедектерге, студенттерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек бала асыраушыларына жарнаны мемлекет төлейді.
-Жұмыс беруші, жеке кәсіпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор, азаматтық құқықтық шарт бойынша табыс табатын жеке тұлға болса қорға аударымдар мен жарналарды 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап төлеуі тиіс. Ал, жалдамалы қызметкерлер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлейді. белсенді емес халық қатарында болса 2018 жылдың 1 қаңтарынан төлеу міндеттеліп отыр. Мемлекет жарналары 2018 жылы – 3,75 %, жұмыс берушілердің аударымдары – 1,50%, дара кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жарналары - 5%, белсенді емес халық - 5% көрсеткішінде қорға жарна төлейді, - дейді Жақсылық Абдусаметов.
Фариза ОМАРОВА