САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕГІ ЖАРЫЛЫСТАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР АРАСЫНДА ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР ЖОҚ
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы Санкт-Петербургтегі метро станциясында болған жарылыстан зардап шеккендер арасында қызылордалық студенттердің жоқ екендігін хабарлайды.
Санкт-Петербургтегі терроризм актісі 3 сәуір күні "Технологический институт" және "Сенная площадь" стансалары аралығында орын алған. Қолдан жасалған жарылғыш зат 300 грамға жуық тротилдік эквиваленттегі жарақаттайтын элементтермен толтырылған. Соңғы ақпараттарға сәйкес жарылыстан 11 адам құрбан болып, 45 зардап шеккен, оның 39-ы ауруханаға жатқызылған, соның ішінде 15 жасар қыз бар.
Қызылорда облысының әкімдігі ҚР Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулы Ермек Пірімбетовпен және студенттер өкілдерімен тығыз байланыс орнатты.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімдігінің бастамасымен 390 қызылордалық студент РФ Үкіметі қаражаты есебінен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы инженерлік-техникалық жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Олардың 88-і Санкт-Петербург мемлекеттік өсімдік полимерлері технологиялық университетінде оқиды.