ЖАСТАР ДӘСТҮРДІ ЖАҢҒЫРТТЫ
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында «Салт-дәстүрім - асыл қазынам» тақырыбында кеш өткізілді, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.
Ежелден мирас болған бастаңғы ғұрпы бойынша өткен кеште магистранттар мен студенттер өз өнерлерін ортаға салды. Олар балаларға қазақтың «Арқан тарту», «Орамал тастау», «Қасқыр қақпан» сияқты ұлттық ойындарын ойнатты. «Кесе қап», «Торсық», «Қоржын қап» секілді қазақ халқының көне тұрмыстық бұйымдарынан көрме жасалып, оларды қолдану мақсаты түсіндірілді. Университет атынан балалар ауылының кітапхана қорына тарихи кітаптар сыйға берілді.