МЕКТЕПТЕ ТАМАҚТАНДЫРУҒА АРНАЛҒАН ОНКҮНДІК ӨТІП ЖАТЫР
1 сәуірде Қазақстанның барлық аймақтарында «Дұрыс тамақтану – дені сау ұлтты қалыптастырудың кепілі!» ұранымен мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру жөнінде онкүндік өткізіледі. Шара 10 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты – дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жөнінде халықтың, әсіресе мектеп жасындағы балалардың сауаттылығын арттыру, оқу орындарында оқушылардың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жағдай жасауға ықпал ету.
Осыған байланысты, онкүндік аясында республиканың медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында мамандардың қатысуымен ашық есік күндері өтеді. Іс-шаралар барысында қант деңгейін және қандағы холестеринді, Кетле индексін анықтауға болады. Дұрыс тамақтану мәселелеріне арналған тренингтер және әңгімелер өткізумен денсаулық мектептерінің жұмысы жандандырылмақ.
Профилактикалық шаралардың негізгі құрамдас бөлігі – жасөспірімдердің денсаулық деңгейіне мониторинг жасау және медициналық көмек көрсетуді жақсарту, мектепте және отбасында тәуекелдерді алдын-алу тетіктерін енгізу үшін жағдай жасау.