МИНИСТР ЭЛИЗАБЕТТІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы спортшы Элизабет Тұрсынбаеваны Финляндия елінің Хельсинки қаласында конькимен мәнерлеп сырғанау спортынан өтіп жатқан Әлем чемпионатындағы жетістігімен құттықтады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Әлем чемпионатындағы жетістігіңіздің арқасында Қазақстан Республикасы тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарына конькимен мәнерлеп сырғанауда екі лицензияға қол жеткізді. Бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер арасындағы конькимен мәнерлеп сырғанауға деген өызығушылыққа өзіңіздің қосып отырған үлесіңіз зор! Бұл ғаламат үлкен жеңіс нағыз қайсар қазақ қызының биік белесі, әлемнің күшті спортшыларының лайықты бәсекесі деп білемін», - деп жазылған ведомство басшысының құттықтауында.
Элизабет Тұрсынбаеваға жолдаған жеделхатында министр спортшыға алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, әлемдік спорттың шыңдарына шыға беруіңе тілектестік білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы Элизабет Тұрсынбаева Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде өтіп жатқан әлем чемпионатында қысқа және еркін бағдарлама қорытындысы бойынша 9-орын алды. Қысқа бағдарламада ол 10-шы орын алса, еркін бағдарламада 8-ші орын иеленді. Элизабет Тұрсынбаева қыздар арасындағы жекелей сын бойынша алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алып отыр.