САУДА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Қызылорда қаласында азық-түлік және басқа да тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, жаңадан сауда орындарын ашу үшін инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде қала мөлтек аудандарының бірінде «Қызылорда оптомаркет» сауда орталығы ашылды.
Сауда орталығының ашылу салтанатына қала әкімі Н.Нәлібаев қатысты.
Тұрғындарға жайлы да сапалы сауда орындарын ұсынып, қаламызда кәсіпкерлік нысандарының санын арттырып, жаңадан жұмыс орындарын ашып отырғаны үшін жоба басшылығына риясыз алғысымды білдіремін және жаңа бастамаларыңызға табыс, кәсіптеріңізге береке тілеймін,- деді.
Жаңадан ашылған сауда орталығының жұмысымен танысқан қала басшысы шаһар тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қызмет жасауға ниетті кәсіпкерлерді қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кәсіпкер Е.Ескендір қаламыздағы Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан бұл сауда орталығын ашуға жұмсалған 70 млн. теңгенің 40 миллионын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие ретінде алған.
Екі мың шаршы метр аумақты алып жатқан сауда орталығы қала тұрғындарына 10 мыңнан астам тауар түрлерін ұсына алады.
Тұрғындарға барлық жағдайлар жасалған және 60 автокөлікке арналған автотұрақ қарастырылған.
Тағы бір ерекшелігі, сауда қатарларында отандық өнімдерге басымдық берілген, сонымен қатар азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы басқа сауда үйлері мен базармен салыстырғанда бағасы 10 пайыздан - 15 пайызға дейін төмен, яғни әлеуметтік дүкен бағытында қызмет көрсетеді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды басты мақсат тұтқан, заманауи талаптарға сай келетін бұл сауда орталығында 45 адам жұмыспен қамтылады.