ҚОШ КЕЛДІҢ, АРУ КӨКТЕМ!
Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы қауымдастығының қолдауымен «Гранд Плаза» мейрамханасында «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық бірлестігі «Қош келдің Ару көктем» атты мерекелік шара ұйымдастырды.
Мерекелік шара ХҚКО қызметкерлерінің өнерімен басталды. Олар қазақтың ұлттық киімдерімен қазіргі заманғы әндерге биден қойылым қойды. Айта кету керек, ұйымдастырушылардың талабы бойынша фестивальге қатысушылар ұлттық киімдерімен келулері керек.
-Көктем – жаңару мезгілі. Біз осы мерекеде бір-бірімізге ерекше көңіл-күй сыйлап, болашақтың жоспарларын бөлісуге жиналдық, дейді «Бойтұмар-Ханым» ҚБ төрайымы Рахима Ахметова.
Азаматтық Альянсы қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша қонақтар ұлттық киім үлгілерінің сән көрінісінен соң «Жанар» клиникасының басшысы Ү.Бейісованың дайындаған наурыз-көжесінен дәм татты. Сондай-ақ, балабақша меңгерушісі А.Алыбаева сүттен жасалған ұлттық өнімдеріміз бен шұбат, қымыз сусындарын ұсынса, «Grand Plaza» мейрамханасының директоры Р.Абдрасилова ұннан жасалған тағамдардан дастарқан жайды.
Ұлттық нақыштағы мерекелік шараның соңында қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.