КӨП ТІЛ БІЛГЕН КӨШ АЛДЫНДА ЖҮРЕДІ
Жалағаш ауданының мәдениет және өнерді дамыту орталығында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тілдерді меңгеру – заман талабы» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат – үштілділік саясатын іске асыруда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын аудан тұрғындарына насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Семинар жұмысын аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов жүргізіп, облыс тұрғындарының арасында үштілділікті насихаттайтын ақпараттық-насихаттық топ өкілдерін таныстырып өтті. Топ құрамында барған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ә.Жарылқағанов, облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және әдістемелік жұмыстар бөлімінің басшысы Л.Есімова, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Н.Мұсаева, аталмыш орталықтың бөлім меңгерушісі Г.Смағұлова, №2 Мұрагер мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г.Қуандықова, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Тебегенова, №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Әлжановалар көптілділік – заман талабы екендігін айтып, халықаралық тілдерді меңгеру маңызды міндет саналатындығын тілге тиек етті.
Еліміз өркениеттен кенже қалмауы үшін көп тілді меңгеруіміз қажеттігі анық. Көп тілді білу заман талабынан туындап отырған қажеттілік екендігі семинар барысында баса айтылды. Семинар соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер білдірілді.