ЕСІРТКІГЕ ЕЛІТКЕНДЕР АЗАЯР ЕМЕС
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облыстық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары, әділет кеңесшісі Нұркен Тұрғанбай, ОІІД-ның бөлім басшысы Гаухар Омарова, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Нұркен Мықбасов, облыстық наркологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлайым Сейілхановалардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Олар жиын барысында «Есірткісіз болашақ» жобасының басталғандығы жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Облыстық прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар бірлесе қолға алған бұл жоба есірткінің заңсыз айналымын тыйып, нашақорлықтың өсуне тежеу шараларын қарастырады.
Аталған жобаны жүзеге асырудың бастапқы сатысында есірткіні тұтынатын адамдарды анықтап, оларға медициналық-әлеуметтік сипаттағы кешенді көмек көрсету арқылы нашақорлықтың алдын алу тұр. Және халық арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық шаралар атқарылмақ.
- Соңғы 5 жылда есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың өсу динамикасы сақталуда. 2012 жылмен салыстырғанда анықталған есірткі екпелерінің саны ұлғайып отыр. Тек 2016 жылдың өзінде көлемі 50 гектардан асатын 32 есірткі екпелері анықталып, жойылды, - дейді Нұркен Тұрғанбай.
Облыстық ІІД бөлім басшысы Гаухар Омарованың айтуынша біздің аймақтың климаты үнді сорасын өсіруге қолайлы екен.
- Жабайы Шу сорасынан үнді сорасының адамға әсері 5 есеге артық. Бұл үнді сорасынан жасалған гашиш пен марихуана нашақорлар арасында жоғары сұранысқа ие. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес Қызылорда облысында «ДельтаСырдария» есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлінісін құру туралы шешім қабылданды. «Көкнар» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында біздің аймаққа басқа облыстардан қосымша қызметкерлер бөлініп, соңғы үлгідегі техникалық құралдармен жұмыс атқарылады, - дейді Г.Омарова.
Фариза ОМАРОВА