ТАҢҒАЖАЙЫП АҚЫННЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШІ
Ұзандар үні тербеген ұлы далада өсіп, алғашқы өлеңдерімен-ақ ұлттық поэзияға өзгеше өрнек салған Шаһизада Әбдікәрімовтің 60 жылдық мерейлі тойын жерлестері жоғары дәрежеде атап өтті. Ауылдық мәдениет үйінде мерейтой иесіне арналған әдеби-сазды кешті ауылдық округ әкімі Бақытбек Тәуекелов ашып, ақынның өмір жолына тоқталды. Шайырдың шығармашылық жолдарын баяндап, иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Кеште Қылышбек Әбішев пен «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлеповтер ақынға өздерінің жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізді.
Ауыл тұрғындары атынан Үсен Тоғызбаев жылы лебізін арнап, Достық Тілеубергенов өзінің арнауын оқып берді. Мектеп оқушылары әдеби-сазды монтаж қойып, ақынның шығармаларынан үзінділер оқыды.
Әдеби-сазды кеш барысында мерейтой иесі мектеп кітапханасына 50 дана, ауылдық кітапханаға 150 дана кітап сыйласа, ауылдық мәдениет үйіне Тұрмағамбеттің «Шаһнамасын» тарту етты.
Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ.