ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨШПЕЛІ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Атамекен» ҰКП-ның Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов, тиісті сала басшылары мен аймақ кәсіпкерлері қатысты.
Кеңесте Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпкерлік нысандарын газдандыру, сондай-ақ бизнес өкілдерінің аталмыш салаға қатысты проблемалары, мектепке дейінгі білім беру мекемелерін мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландыруға қатысты мәселелер талқыланды. Өтініштерін мемлекеттік органдар қарау барысында кәсіпкерлер құқықтарының қорғалуына қатысты прокуратура мен \Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыстық департаменті қабылдаған шаралар жайы әңгімеленді.
Кеңесте өткір талқыланған мәселенің бірі – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалдарының жұмысына қатысты болды.
Атап айтқанда, бұған дейін Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына аймақтағы газ саласындағы жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысатын бірқатар мекемелер тарапынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда Өндірістік филиалымен тиісті тауар нарығында өзінің үстем немесе монополиялық жағдайды пайдаланып, өзге кәсіпкерлік қызмет түрлерімен айналысатын тұлғаларға кедергі жасалатындығын айтып, шағымданған болатын.
Мұндай мәселе Оңтүстік Қазақстан облысына да тән болып шықты. Бұл жөнінде Кеңес отырысында Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғазизбек Нәтбаев пен шымкенттік кәсіпкерлер де айтты.
Отырыста қызылордалық бизнес өкілдері Кәсіпкерлер палатасының араласуымен аталмыш мәселе бірнеше рет талқыланып, ортақ келісімге келгендіктерін жеткізді.
Ал республикалық кеңес мүшелері аталмыш мәселеге қатысты бітімгершілік комиссия құрып, жан-жақты зерттеп, шілде айында өткізілетін Кеңестің келесі отырысына шығару туралы шешім қабылдады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі